АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Астана әкімінің халықпен есептік кездесуінде екінші топтағы мүгедек Әсет Исекешевтен көмек сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мен екінші топтағы мүгедекпін. Сирек аурумен ауырамын. 2001 жылдан бері Астанада тұрамын. Осыған дейін алты операция жасалды, дәрігерлердің кінәсінен денемде қайшы қалып қойды. Бәріне шыдадым. Кезегім келер емес, қазір мүгедек ретінде он төрт мыңыншы орында тұрмын. Бармаған, жүгінбеген жерім жоқ. Не істесем болады, айтыңызшы?", — деп қапаланды қала тұрғыны.
Исекешев бұл жағдаймен таныс екенін, бірақ мәселені шешуге қауқарсыз екенін айтты.
"Мен сізді түсініп отырмын, жеке кездесу кезінде әңгімелескен едік. Бірақ біз сіздің кезекте тұрғаныңызды дәлелдейтін ешқандай құжат таба алмадық. Бекітілген тізім бар, онда 28 мың мүгедек бала тіркелген. Олардан бұрын сізге баспана беру заңсыз болып саналады", — деді әкім.
Қала әкімі әйелге әлеуметтік көмек көрсету үшін қолдан келгенін жасайтынын айтты.