АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келесі отырыста 100 пайыз қазақ тілінде сөйлеуге уәде берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кеше президент Нұрсұлтан Назарбаев ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдап, парламент пен үкіметтің жұмысын қазақ тілінде жүргізуді тапсырған еді. Елбасының сөзін жерге тастамаған министрлер мен облыс әкімдері бүгінгі үкімет отырысында бастан-аяқ қазақша сөйледі. Екі тілде баяндама жасаған жалғыз министр Ерлан Сағадиев болды.
Үкімет отырысынан кейін журналистер екі тілде баяндама жасаған министрді сұрақтың астына алды.
"Баяндамам 95 пайыз қазақша болды, енді қазір оның бәрін жасап жатырмын. Келесіде 100 пайыз қазақша, келістік пе? Келістік", — деді Сағадиев.
Журналистер министрден тек қазақ тілінде баяндама жасау қиын ба деп сұрады.
"Ол бүгінгі күннен басталмайды ғой. Келесіде 100% қазақша болады, келістік пе?", — деді ол.