АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. "Жас Отау" республикалық қоғамдық қоры "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру аясында инвесторлар мен жеке құрылысшыларды тартып, баспанасыз жүрген жас отбасыларға коттедж немесе таунхаус түрінде 2 қабатты үйлер салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жас Отау" республикалық қоры жеке тұрғын үй құрылысына берілетін 10 сотық жерге екі-үш қабатты үй салып, бірнеше отбасының баспана мәселесін шешуді көздеп отыр. Аталған бастаманы "Нұр Отан" партиясы, кей облыс әкімдері қолдап отыр. Үкіметке де хат жолданыпты.
Оның айтуынша, қордың мақсаты – коммерциялық баға белгілеуге жол бермеу.
Қазір "Жас Отау" қоры облыс әкімдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.
"Барлық облыс әкіміне қала маңынан, қала ішінен 10 сотық жер бөлу туралы жаздық. Жеке инвестиция тарту арқылы жастарға қолжетімді баспана салуды жоспарлап отырғанымызды жеткіздік. Өңір әкімдерінен алғаш болып Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қолдау көрсетті. "Келіңдер, толығымен қолдаймыз, жер телімін бөлуге дайынбыз" деді. Кейін Ноғаев мырза Атырау облысына шақырды. Петропавлға бардық, әкім қолдап отыр. Астана әкіміне хат жаздық, бірақ әлі жауап алған жоқпыз. Қабылдауында болып, сөйлескіміз келеді. Алматыдан да әзірге жауап келген жоқ", — деді Базарханұлы.
Қор басшысының орынбасары баспана үлескерлердің ақшасына салынатынын, кейін пәтерлер кооператив мүшелерінің арасында бөлінетінін атап өтті.