АСТАНА, 19 ақпан — Sputnik. Бұқтырма су қоймасына балық аулауға шыққан ер адамдардың көлігі мұз астына түсіп кетіп, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар бойынша департаменті баспасөз қызметі.
Сенбі күні құтқарушыларға түскен хабар бойынша, Алғабас ауылынан төрт шақырымдай жердегі су қоймасында Nissan Almera көлігі мұз астына түсіп кеткен. Құтқарушыларға қоңырау шалған ер адамдар көлік ішінде жолдасының қалып қойғанын жеткізген.
Үш ер адам Өскеменнен балық аулауға барған екен. Төңірек пен су қоймасын толық зерттемеген балықшылар көлікпен қамыс жаққа қарай беттейді.
"Жергілікті тұрғындар бұл жерде су асты бұлақтары ағып жататынын, мұздың жұқа екенін жақсы біледі. Жолды қар басып қалғандықтан, ер адамдар оны байқамай жүре берген. Мұз сынып, көлік су астына кетіпті", — делінген хабарламада.
52 жастағы екі жолаушы су ішінде көліктен шығып үлгеріпті. Ал 68 жастағы жүргізуші шыға алмаған көрінеді.
Зардап шеккендер құтқару қызметіне өздері хабарласқан. Күн кешкіріп кеткендіктен, жүргізушіні іздеу келесі күнге қалдырылды. Құтқарушылар екі адамды Күршім ауылына жеткізген.
Келесі күні таңертең сүңгуірлер үш метр тереңдіктен жүргізушінің денесін алып шықты.