АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Қазақстандықтарға жер сатылады немесе шетелдіктерге жалға беріледі деп қорқуға еш негіз жоқ. Жер туралы заңда ондай норма жазылмаған. Бұл туралы бүгін Астанада жер мәселесіне қатысты өткен қоғамдық талқылаудан кейін белгілі қоғам қайраткері, 2016 жылы құрылған жер комиссиясының құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Журналистер жер дауы шыққан алғашқы күннен бастап осы істің басы-қасында жүрген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжаннан "шетелдіктерге жер беріледі" деген әңгіменің қайдан шыққанын сұрады.
"Бұл хаттың авторы да жоқ. Егер хат авторының қолында нақты факті, айғақ болса, халық алдына неге шықпайды, неге сол баптарды көрсетпейді? Кім жазғаны белгісіз хат қой. Бір жауапсыз адам жіберді де, халықты дүрліктірді. Әрине ол қорқынышты нәрсе, бірақ біздің заң жобамызда шетелдіктерге жалға беру немесе жерді сату туралы бірде бір сөз жоқ", — деп қадап айтты Тайжан.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, біреулер заңды әдейі бұрмалап, халықты шатастырып жүр.
"Меніңше, кейбіреулер заңды әдейі бұрмалап, халықты шатастырып жүр. Олардың артында кім тұрғанын білмеймін, мұны анықтау керек. Өйткені бірнеше ай бойы кәдімгідей арандату жүріп жатыр", — дейді ол.
Қоғам белсендісі 2022 жылға дейін, яғни президент жариялаған мораторий мерзімі аяқталғанға дейін жер сатылмайды да, жалға да берілмейді.
"Жердің жеті түрі бар. Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін ең маңыздысы ұлан-ғайыр созылған ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Ал мәселен, мына біз тұрған ғимарат он, жиырма сотық жер. Біреудің жекеменшігі. Мұның ұлттық қауіпсіздігімізге ешқандай зияны жоқ. Ал елу мың гектар, жүз мың гектар болса, әрине әсер етеді. Қазір миллион гектарға дейін ауыл шаруашылығына арналған жерлер бар. Бұл жерді ешкім сата алмайды, шетелдіктерге жалға бере алмайды, 2022 жылға дейін. Ал әрі қарай не болатыны өзімізге байланысты. Бірақ амандық болса, мен бар, халық бар жерді ешқашан сатқызбаймыз", — деді Тайжан.
Мұхтар Тайжан екінші оқылымда жер туралы заңға ешбір өзгеріс енгізілмейтінін атап өтті.
"Қазақстандықтарға қорқып қажеті жоқ, өйткені жерді жалға беретін немесе сататын нормалар заң жобасында жоқ. Оған мен жүз пайыз кепілдік беремін", — деді ол.