АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы қысқы Олимпиадада финалға шыға алмады.
Спортшы отыз қатысушының арасында төртінші болып өнер көрсетіп, 70.12 ұпай жинады. Финалға өту үшін мәнерлеп сырғанаушы қысқа бағдарламадан кейін үздік 24 спортшының қатарына қосылуы тиіс болатын. Алайда тек 27-орынға табан тіреді.
"Мансабымдағы ең үздік сырғанауым емес, әрине. Бірақ Пхенчханға келіп, өнер көрсеткенімді мақтан тұтамын. Шынымды айтсам, көзім ілінгенше аяғым ауырып, жаныма батады. Мен үшін әр күн – күрес, бірақ Оңтүстік Кореяға келуді қатты қаладым. Осында келгеніме қуаныштымын. Өкінішке орай, ойымдағының бәрі іске аспады. Болашақта жазылып, қалпыма келуге тырысамын. Бұл – өмір, бүгінгі сәтсіздігіме қарамастан, күдерімді үзбеймін. Мені және басқа да қазақстандық спортшыларды алда талай биік асулар мен жоғары жетістіктер күтіп тұр", — дейді Денис Тен.
Қаңтар айының басында Тен өз парақшасында бірнеше ай бойы тобығын емдеп жүргенін жазған болатын. Олимпиадаға аз уақыт қалса да, мәнерлеп сырғанаушы секіргенде, тек оң аяғымен ғана түсіп, ақырын қимылдауға мәжбүр еді.