АСТАНА, 13 ақпан — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Қазақстан президентіне елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы және Астананың 20 жылдығын мерекелеуге дайындық барысы жөнінде мәлімделді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа негізгі капиталға тартылған жеке инвестициялар көлемі ұлғайып, есепті кезең ішінде оның үлесі 70 пайыз болғаны туралы баяндалды.
– Өткен жылы 2,4 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілген еді. Біз қазір жеке инвесторлар мен ұлттық компаниялар есебінен қаланың төрт ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді Астана қаласының әкімі.
Мемлекет басшысы елордада басқа өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп салынған бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысына қатысты жұмыстарды оң бағалады.
Қазақстан президенті кездесу соңында нақты тапсырмалар берді.