АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Шымкенттегі үйлердің бірінен үш мәйіт табылды, деп хабарлайды TVK.
Телеарнаның мәліметінше, трагедия 8 ақпан күні қаланың Абай ауданында болған.
Оқиға орнына тергеушілер мен криминалистер кеше түннен бері жұмыс істеп жатыр, видеобақылау камерасының жазбасы қаралып, саусақ іздері алынды.
"Кісі өлімін учаскелік инспектордан естідік, бір нәрсе көрдіңіздер ме деп сұрады. Бірақ мен ештеңе көрген жоқпын. Мұнда әйел балаларымен тұратын, олар ақ жарқын адамдар еді. Кейде кездесіп қалып, сәлемдесетінбіз", — дейді өлтірілген отбасының көршісі.
"Ешқандай жанжал болған емес. Анасы еңбекқор болатын, таң атпай тұрып жұмысқа кететін. Кешке дейін жұмыс істейді. Балалары да тәртіпті болды, үлкен ұлыммен бірге ойнап өсті. Жаман еш нәрсе айта алмаймын, берекелі отбасы болды. Балаларын анасы жалғыз өзі аяққа тұрғызды",- деді тағы бір көршісі.