АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Астанада өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің жұмысын сынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент отырыста "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасына тоқталып, жолдардың сапасы мен ақшаның тиімді жұмсалуы проблема болып отырғанын айтты.
Президент инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектен мән-жайды сұрады.
"Не болды, барлығы ұры болып шықты ма түбінде?", — деді президент.
"Қазақавтожол – республикалық маңыздағы автожолдарға қызмет көрсететін республикалық кәсіпорын. Ол жол салумен айналыспайды, бірақ басшылық жемқорлық қылмысына байланысты қазір сот процесінен өтіп жатыр", — деп жауап берді министр.
"Жұмыс орындағанда біз нормативке қараймыз. Норматив баяғыда ескіріп қалған, нормативке емес, жолдардың сапасына қарау керек. Нормативпен салады, нормативпен ақша алады, бір кездері балабақшаларды да зәулім сарай қып тұрғызғаны секілді. Мемлекетте ақша пайда бола қалған кезде, бәрінің араны ашыла қалады. Сонда министрлік не үшін қажет? Мемлекеттің ақшасы қайда жұмсалып отырғанын бақылау үшін. Бұл сенің жұмысыңда кемшін тұстар бар деген сөз", — деп сынады Назарбаев Қасымбекке.