АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Елордалық балабақшаның тәрбиеленушілері жұқпалы аурулар ауруханасында кемі бес күн жатады. Бұл туралы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ольга Пушкарева мәлімдеді.
"7 ақпан күні біздің стационарға №36 балабақшадан алты бүлдіршін жүгінді. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды. Бірінші бүлдіршін жедел жәрдеммен таңғы сағат тоғыздар шамасында жеткізілді. Бала қалтырап, қызуы көтерілген. Ол вирусты инфекция диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Кейін түске қарай, 12.30 шамасында сол балабақшадан тағы бір бала түсті. Бүлдіршін лоқсып, іші өтіп, қызуы көтерілген. Екінші жағдайдан кейін бірінші балаға вирустық инфекциядан бөлек, ішек инфекциясы диагнозы қойылды", — деді Пушкарева.
Дәрігерлердің айтуынша, тағамнан улану туралы сөз болып отырған жоқ. Бес жасар бүлдіршіндер респираторлық және ішек синдромының байқалуы бойынша ем қабылдап жатыр.
Бактериологиялық және вирусологиялық тексерістердің нәтижесі сенбі күні таңертең алынады.
"Қазір балалардың жағдайы тұрақты. Бұған дейін үш бала амбулаторлық емге жіберілген болатын. Ал бізде қалған үшеуі кемі 5-7 тәулік жатады", — деді дәрігер.
Пушкарева мұның алдында тараған ауруханаға оннан астам бүлдіршін түскені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті.