АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Астанадағы №36 "Балапан" балабақшасында болған жағдайды мамандар тексеріп жатыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан агенттігіне елорда әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Эльвира Жүргенбаева мәлімдеді.
Сондай-ақ, қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің қызметкерлері шақырылды. Тексеріс барысында сынама алынып, тағам бөлімі тексерілді.
"Әзірге себебі анықталған жоқ. Сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін, тиісті шаралар қолға алынады", — деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
Қазіргі таңда ауруханада алты бала мен екі ересек – тәрбиеші және бала күтуші жатыр.
Бұған дейін "Астана" телеарнасы № 36 балабақшаның тәрбиешісі мен он бала аяқ астынан ауырып қалғанын хабарлаған болатын. Бес жасар бүлдіршіндердің жүрегі айнып, іші өте бастаған, қызуы көтерілген. Ата-аналар дәрігерлердің балаларға әр түрлі диагноз қойып жатқанын айтты.