АСТАНА, 7 ақпан — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шәуілдір ауылында 7 жасар бала суға кетті. Оның денесі бір аптаден бері іздестіріліп жатыр. Өйткені, ата-анасы мен құтқарушылар үмітін әлі үзбеген. Қайтсек те табамыз деп бекініп отыр. Сүңгуірлермен бірге іздестіру шараларына жергілікті тұрғындар мен полицейлер жұмылдырылған, деп хабарлады Otyrar.kz.
"Арыс өзенінде баланы іздестіру қиын соғып жатыр. Мұз қалың, 15-20 см. Өзеннің ағысы да шапшаң. Бүгін біз құтқарушылар командасын алмастырдық. Шымкенттен жеті маман келді. Олар іздестіруді жалғастырады", — деді ОҚО ТЖД су құтқару отрядының командирі Орынбасар Төртбаев.
Қайғылы оқиға 31 қаңтар күні тіркелген. Шәуілдірдің орталығында жаңа салынып жатқан саябаққа ойнауға келген екі баланың бірі өзенге құлап кетуі мүмкін деген болжам бар.
"Құтқару жұмыстары" ережесіне сәйкес төтеншеліктер баланың денесін тағы төрт күн іздейді. Кейін суға батқан баланың ата-аналарының арызы бойынша іздестіру жұмыстарын жалғастыра алады. Бұл жылдың басынан тіркелген алғашқы оқиға екен. Қайғылы оқиғаларға қауіпсіздік шараларын сақтамау және ата аналардың бейқамдығы себеп дейді мамандар.