АСТАНА, 6 ақпан — Sputnik. Астанадағы "Абу-Даби Плаза" кешенінің құрылысына қатысты тағы дау шықты. Бұл жолы Елордадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалды, деп хабарлайды КТК.
Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамаған. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан көрінеді. Алайда, жұмысшылар "кет" дегенге кете салайын деп отырған жоқ. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті.
"Мен сенбі түнгі "сменге" түскенмін, жексенбі таңда шығамын. Бейджик істемей қалды. Ешқандай ескерту болған жоқ. Мал сияқты келді де, жұмыстан шығарып тастап жатыр. Біз сонда қайда барамыз, мысалы қақаған суық күнде? Менің бала-шағам бар, кредитім бар. Екі мың шақырымнан келіп отырмын", — дейді жұмысшы Мақсат Ахмет.
Яғни, жұмысшыларға құрылыс компаниялары еш ескерту жасамаған. Басшылары өз еріктеріңмен орындарыңды босатыңдар деп қысқа қайырыпты. Көнбегенді, Еңбек кодексімен қудалаймыз деп қорқытатын көрінеді.
" Ештеңе бермейміз, сендерді 49- баппен жұмыстан шығарамыз, жұмыс бітті дейді. Жұмыс біткен жоқ, барып көріңіздер. Абу-Даби сол күйінде тұр, 40-50 пайыз бітсе, біткен шығар. Онда шетелдіктер тып-тыныш жұмыс істеп жатыр", — дейді жұмысшы Мұхтар Қалдыбек.
Абу-Дабиге кіндігі байланып қалған ешкім жоқ. Жұмысшылар тек заң бойынша өздеріне тиесілі өтемақаны талап етіп отыр. Ал әркімнің жалақысы еткен еңбегіне қарай әртүрлі. 200 мың теңгеден бастап 300 мыңға дейін жетеді екен.
Бұл азаматтарды отандық төрт құрылыс компаниясы жұмысқа алған. Демек, Еңбек туралы кодекстің талаптарын бұзып отырған да жергілікті мекемелер. Онда жұмысшылардың жанайқайына құлап асатын ешкім болмаған соң, құрылысшылар "Нұр Отаннан" араша түсуді сұрап келді.
"Біз құрылыс компанияларының өкілдерін шақырып, әкімдіктегі әріптестерімізбен бірге сөйлесеміз. Егер сіздер айтқандай, шынында да қаншама адамды жұмыстан негізсіз шығарса, мәселені шешеуге көмектесеміз", — деп жауап берді "Нұр Отан" партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.
Астанадағы Абу Дабиді жергілікті жұмысшылармен қатар шетелдік құрылысшылар да салып жатыр. Бірақ, жаппай жұмыстан қуу туралы тосын бұйрық тек ел азаматтарына қатысты. Далада қалған жұмысшылар болса, құрылыс компаниялары тиісті өтемақыны төлегенше тыным таппаймыз деп отыр.