АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. "Абу-Даби Плаза" кешенінің жұмысшылар тұрып жатқан жатақханасында өрт шықты. Құтқарушылар өрттің таралып кетуіне жол бермеді, деп хабарлады ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
"Ас үй бөлмесінде тұрмыстық техника мен жиһаз, ас үй жабдығы өртенген болып шықты. Жалын шарпыған аумақ – 50 шаршы метр. Қоңырау өрт сөндіру бөлімшелеріне сағат 14:39-да түсті. 14:43-те біздің бөлімдер оқиға орнында болып, 15:01-де өртті оқшаулады. Қазіргі таңда жалынның таралып кету қаупі жоқ", — деді Иманқұлов.
Өртті сөндіруге №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің үш техникасы мен 15 адам жұмылдырылды.
Иманқұловтың мәліметінше, адамдарды ғимараттан көшірудің қажеті болмаған.
Айта кетейік, "Абу-Даби Плазадан" бұған дейін де бірнеше рет өрт шықты.