АСТАНА, 3 қыркүйек — Sputnik. Жексенбі күні таңертең Астанадағы "Абу-Даби Плаза" құрылыс объектісінің жатақханасы жанында Полиция мен Ұлттық гвардия әскерлері кезекшілік етуде. Оқиға орнынан Sputnik Казахстан корреспонденті, бұл жерде алдыңғы күні кешке жаппай төбелес орын алған еді, деп хабарлайды.
2 қыркүйек күні кешке "Абу-Даби Плаза" құрылыс объектісінің бақылау-өткізу пунктінде күзет компаниясының қызметкерлері мен шетелдік жұмысшылар, Үндістан азаматтары арасында жанжал туындайды. Полиция бірден құрылыс маңы мен жатақхана арасындағы көшелерді жауып тастады. Жаппай төбелес салдарынан екі азамат жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.Оқиға орнында жағдайды тұрақсыздандыруға тырысқан бір топ адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың сегізіне әкімшілік жаза қолданылып, қалғандарына әңгімелесу жүргізілді.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңына түйісетін көше бойындағы қоршаулар алынды. Алматы, Түркістан және Ақмешіт көшелеріндегі жол қозғалысы ашылды.
Жиналған адамдар байқалмайды. Жедел жәрдем көлігі кезекшілік атқаруда.
Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болуы тиісті "Абу-Даби Плаза" осы уақытқа дейін «құрылысы ұзаққа созылған» деген атқа ие болып үлгерді. Оның құрылысы 2010 жылдан бері жүргізіліп, 2017 жылдың соңында тапсырылу жоспарланған. Сондай-ақ кешеннің құрылысы барысында бірнеше рет өрт жағдайлары да орын алған.