АСТАНА, 2 ақпан — Sputnik. Моңғолиядан келген қазақ жігіті жол жиегінде тұрған тәртіп сақшыларына көмектесемін деп басы бәлеге қалды. Ол билік өкіліне күш қолданғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады "Тілші".
Күйеуі үшін шыр-пыр болған Айжан Аймағанбетова Ақтөбедегі "бесінші" түрменің маңында бар жайтты қысқаша баяндап берді.
Өткен жылдың қазан айында жолдасы Ержан Асан түс қайта Ырғыз ауданы аумағында Құмтоғай — Қарақұдық ауылдары арасында көлігімен келе жатады.
"Жол шетінде көлік тұрады. Қасына жақындап барып тоқтайды да, олардың неге тұрғандарын, қажет болса көмек көрсетуге әзір екенін жеткізген. Сөйтсе, жол бойында тұрғандар тәртіп сақшылары екен. Ұрттап алыпсың деп жолдасыма тиісе кеткен. Елсіз жерде жеке автокөліктерімен жүрген екеудің полиция қызметкері екеніне күдіктенген Ержан қызметтік куәліктерін сұрайды", — деп әңгімеледі Айжан.
Алайда, екеуі де құжаттарын көрсетуге асықпаған сыңайлы. Күдіктенген Ержан Асан көлігіне отырып, орнынан қозғала бергенде, жол шетінде тұрған жігіттердің бірі капотқа мініп алса керек.
Сотталушы тараптың айтуынша, екі тәртіп сақшысы да оқиға орнында куәліктерін көрсеткендерін дәлелдей алмапты.
"Егер құжаттарын көрсете қойғанда мұндай келеңсіз жағдай болмас па еді", — дейді еңсесі түскен келіншек.
Ал сот материалдарына сүйенсек, Сарин мен Төлебаев есімді тәртіп сақшылары жұмыс бабымен бір ауылға барған. Алайда ұялы байланыс болмаған соң, жол жаққа келіп, полиция бөлімімен хабарласқан. Бір кезде қастарына Опель Омега көлігі келіп тоқтайды. Жүргізушісі ішкілік ішті деген күдікке ілінген.
"Полиция қызметкерлері Ержан Асанның мас күйінде автокөлік басқарып келе жатқанын байқап, құжаттарын сұраған. Ержан құжаттарының автокөлік ішінде екенін айтып, көлігіне отырып, оталдыра бастайды. Полиция қызметкерлерінің "көліктен түс" дегеніне қарамастан, жүріп кетеді. Тәртіп сақшысы Төлебаев машинаның алдыңғы капотына жармасып тоқтатуға тырысқанына қарамастан, жүргізуші көлікті тоқтатпаған", — делінген сот материалында.
Ержан Асанның өзі сотта айыбын ішінара мойындайды. Туыстарының үйін жағалап жүріп, қайтарда тентек судан кішкене ұрттағанын да айтқан. Қасында екі жастағы қызы болған.
"Көлігіммен кетіп бара жатып, жол жиегінде тұрған адамдардың қасына тоқтағаным рас. Бар ойым, көмек керек болса, қол ұшын созып жіберейін дегенмін. Көліктері бұзылып тұр деп ойладым", — деген сотта Ержан Асан.
Бүгінде оның қорғаушылары сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсірді.
Ержан Асан Моңғолиядан көшіп келген, бүгінде бес баласы бар.