АСТАНА, 26 желтоқсан — Sputnik. Қытайда тұрған этникалық қазақ Адал Хамитхан өз Отанына оралу үшін трактормен бір апта жүріп келген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қоныс аударушылардың үйіне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов кіріп шықты.
– Мен әрдайым балаларым өз Отанымда тұрса екен деп армандайтын едім, – дейді Адал Хамитхан. – Алғаш рет Павлодар облысына сәуір айында келген едім. Жергілікті билік өкілдерімен сөйлестім. Сосын жазда отбасымды алып келдім. Мұнда жер жақсы. Қытайда да Ертістің жағасында тұрған едік. Мал шаруашылығы үшін өте қолайлы. Сондықтан осы жерді таңдадық.
Биыл жазда Адал Хамитхан екі ұлы мен әйелін Павлодар облысына автобуспен жіберген. Ал, өзі жолдастарымен бірге трактормен келген. Олар бір апта тоқтамай жүріп отырып, Ольгино ауылына да жеткен.
Қытайдағы барлық мүлкін сатып, Успен ауданының Ольгино ауылынан екі миллион теңгеге үй сатып алған және жеті миллион теңгеге шаруашылығын ашқан. Қазіргі таңда қоныс аударушылар квота алу мақсатында құжаттарын рәсімдеп жатыр. Бұл қаржы Қытай мен Павлодар облысының арасындағы жол шығынына ғана жетеді. Енді Адал Хамитханнан үлгі алған туыстары да облысқа көшіп келуге бел байлап отыр.