АСТАНА, 2 ақпан — Sputnik. Қазақстанда жаңа әкімшілік процедуралық-процессуалды кодекс енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде соттың жаңа түрі құрылуы мүмкін, деп мәлімдеді Жоғарғы сот судьясы Денис Шипп.
Кодекс екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім мемлекеттік органға жүгіну және шешімдерге шағымдану процедурасына қатысты. Екінші бөлім – процессуалды – яғни сот өндірісіне қатыстының барлығы, сотта мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдану.
"Әдетте тараптар тең болмайды, өйткені, мәселен бір жақта заңнан хабары жоқ азамат отырса, қарсы тарапта заңгерлер штаты бар мемлекеттік орган. Қарапайым азаматқа бұл мемлекеттік аппаратпен дауласу қиынға соғады", — деді Шипп бүгін өткен брифингте.
Жаңа соттың судьялары тараптардың тең емес екенін ескеріп, өз бастамасымен қосымша айғақ сұратып, күмәнді нәрселерді нақтылай алады.
"Мұндағы басты ерекшелік және қажеттілік осы", — деді Шипп.
Әділет вице-министрі Наталья Пан азамат жаңа сотқа қандай жағдайда жүгіне алатынын мысалмен түсіндірді.
"Мәселен, сізге жер телімін бөлді делік. Сіз ол жерді бау-бақшаға айналдырамын деп жоспар құрдыңыз. Алайда аяқ астынан әкімдік жол саламыз деп шешеді. Сіз бұған наразысыз, өйткені айнала ластанады, шу болады. Мұндай жағдайда сіз әкімдіктің шешіміне шағымдана аласыз: әкімдіктің бұл шешімі қаншалықты заңды, сіздің құқығыңыз қаншалықты бұзылды, соны анықтауға мүмкіндік бар", — деді Пан.
Мемлекеттік органның шешіміне көңілі толмаған азамат алдымен сол мекеменің ішінде, яғни жоғарыдағы лауазымды тұлғаға шағымдану керек.
"Біріншіден, шағым түсірген адам жоғарыдағы лауазымды тұлғаның шешіміне қанағаттанып, әрі қарай соттаспауы мүмкін. Екіншіден, жоғарыдағы лауазымды тұлға мемлекеттік органдағы проблемалардан хабардар болып отырады", — деді Шипп.
Тек осы кезеңдерден өткеннен кейін ғана дау жаңа сотта қаралады.
Шипп мұндай кодекс көршілес Қырғызстан, Әзербайжан, Ресейде, сондай-ақ Балтық маңы елдерінде қабылданып қойғанын атап өтті.