АСТАНА, 2 ақпан — Sputnik. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі бизнесменге қатысты оқиғаны мемлекеттік органдардың жауапсыздығы деп атады. Ер адам айыппұлды қателесіп, екі рет төлеп, артық төлеген қаражатын екі жыл бойы қайтара алмай жүрген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасына қаңтар айында Атбасар ауданының жеке кәсіпкерлері Дин-Магамед пен Язмагомед Асаевтар арыз жазған екен.
"2016 жылы қаңтарда ағам Дин-Магамедті ҚР ӘҚБК 86-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 127 мың теңге айыппұл салған және ҚР ӘҚБК 87- бабы бойынша тура сондай мөлшерде айыппұл салыныпты. Бір айдан кейін ағамның өтінішімен айыппұлды төледім, бірақ қателесіп өз атымнан төлеп қойыппын, сөйтіп 254 мың 520 теңге төлемді есепке алмай қойды", — дейді Язмагомед Асаев.
2016 жылы қыркүйекте Дин-Магамед Асаев Ақмола облысы еңбек инспекциясы басқармасына арыз жазып, қаражатты қайтару туралы растау хат немесе тиісті қорытынды қағазды сұраған. Одан еш нәтиже шықпапты.
Қаңтарда кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің мамандары мемлекеттік кірістер департаменті мен еңбек инспекциясына сұрату жөнелтеді. Мемлекеттік кірістер департаменті салыққа қатысы жоқ төлемдерге еңбек инспекциясы жауап береді деп жалтарған. Ал, еңбек инспекциясы басқармасы сотқа шағымдануға кеңес береді. Ағайынды бизнесмендердің мәселесі кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде қаралып, мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің басшысы Ирина Колько қаражаттың қайтарылуы заңға сай екенін әрі оған бір тәулік уақыт кететінін мойындады.
Мемлекеттік еңбек инспекторы Динара Батықова мәселені тез арада шешуге уәде берген.