АСТАНА, 29 қаңтар — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Бүгін мәжілісте үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша атқарылып жатқан істерді баяндады. Өз кезегінде депутат Нұртай Сабильянов министрдің сөзі "ертегі секілді" болғанын айтып, осы саладағы түйткілді мәселелері шешуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Құрметті министр, сізге айтарым, аспанға қарап жұлдызды санағаннан гөрі, жердегі тіршілікке дұрыс көзбен қарағаныңыз жөн секілді", — деген депутат елді мекендерді аралаған кезде тұрғындар денсаулық сақтау саласындағы қандай мәселелерді көтергенін айтты.
"Атап айтатын болсақ, елді мекендердегі медициналық ұйымдарды жаңа жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 2124 жедел жәрдем көлігі бар десек, оның 36 пайызы ескі екен. Сонау жиырмасыншы ғасырда шығарылған автокөліктер бар. Қатты аяз, боранда науқастарды алып келе жатқан ескі көлік сынып қалса не болады? Осы жағына неге көңіл аудармайсыздар? Сіздер атқарушы орган алуы керек деп айтасыздар, бірақ қаражат бәрібір республикалық бюджеттен бөліну керек. Сонда ғана дұрыс медициналық көмек көрсете аламыз", — деді халық қалаулысы.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, өңірлерде ауруханалар мен емханалардың жағдайы көңіл көншітпейді.
Тағы бір мәселе — ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейді. Мамандарды ауылға тарту үшін алдымен олардың әлеуметтік жағдайын ойластыру керек. Сонымен қатар ауруханалар мен емханаларды жаңа медициналық құралдармен жабдықтау аса маңызды, дейді депутат.
"Құрметті министр, ауылдық жерлерде болып көрдіңіз бе? Барып жүрсіз бе? Қандай шалғайдағы ауылдарда болғаныңызшы айтыңызшы? Сонау кеңес үкіметі тұсында алынған құрал-жабдықтар әлі тұр. Міне, осы мәселелерді қолға алу керек деп ойлаймын", — деді Сабильянов.
"Әрине, жақсы атқарылып жатқан істер де бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында жүзден аса дәрігер мен медбике шетелде оқып, білімін жетілдіріп келді. Аягөзде үлкен инсульт орталығын салғалы жатыр", — деп түйді сөзін депутат.