АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жиында баяндама жасаған облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов облыстың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Халық қалаулысының бұл ұсынысын маслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
"Елбасы жолдауында бірінші бағыт — "Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс" деп атап көрсетті. Бұл бағыттағы жұмысты Оңтүстік Қазақстан облысы барынша жеделдететін болады. Өңірімізде 11 индустриялды аймақтың әлеуетін барынша пайдалануды тиімді тұрғыдан жүзеге асыруымыз керек. Елбасының екінші қойып отырған міндеті "Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Өңірімізде бұл бағытта да келелі жұмыстар қолға алынып отыр", — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Өңір басшысы 2018 жылы облыстық бюджет көлемі 504,6 миллиард теңгеге ұлғайып отырғанын да жеткізді. Ол сондай-ақ, биылғы жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға және микрокредиттеуге 6,8 миллиард теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеді.