АСТАНА, 10 қаңтар — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырды.
"Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет", — дейді Назарбаев өз жолдауында.
Президент онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетінін атап өтті.
"Алайда, денсаулық сақтау министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі. Мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажет. Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады", — дейді ол.
"Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет", — деді Назарбаев.