АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде сөз сөйлейді. Бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтар орталығы.
Елшінің айтуынша, 18 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінде жаппай қырып-жою қаруын таратпауға арналған жоғары дәрежелі тематикалық брифинг өтеді. Оған бірқатар елдің басшылары мен министрлері қатысады. Брифингте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді.
"Біз неге бұл мәселені көтергелі отырмыз? Біздің ойымызша, бүгінде біз елдер арасында, түрлі саяси лидерлер арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға көп көңіл бөлуіміз қажет. Онсыз қандай да бір проблеманы шешу мүмкін емес деп ойлаймыз. Меніңше, қазіргі әлемге жетпейтіні де нақ осы", — дейді Омаров.
Оның айтуынша, 19 қаңтарда ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ауғанстан мен Орталық Азия елдері арасында өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған министрлік деңгейіндегі дебатқа төрағалық етеді. Отырыста БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлейді.
Сондай-ақ, күн тәртібіндегі үшінші маңызды тақырып – Таяу Шығыс, соның ішінде Палестина мәселесі. Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Сириядағы жағдайды да талқыламақ.