АСТАНА, 1 қаңтар — Sputnik. Бүгіннен бастап Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өкілеттілігін орындауға кіріседі. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Төраға Қауіпсіздік кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша кеңестің атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша және Қауіпсіздік кеңесі әрдайым қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді.
18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары" тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастар өтеді.
19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында кеңесте Сирия, Либия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастар өтеді. Төрағаның бірқатар қарары мен мәлімдемесі қабылданады.