АСТАНА, 31 желтоқсан – Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. 2017 жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енген азаматтарды тіркеу туралы жаңа ережеге сай, кез келген тұрғын тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуге тұрмаса, айыппұл төлейтін болды.
"Өлетін адам үйінде де отырып өле салар еді"
Терроризм мен экстремизимнің алдын алу туралы заң аясындағы бұл өзгеріс лаңкестікпен күресуде қандай көмек тигізерін көпшілік түсінбей әлек болса, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов есігін ашып, тіркеуін көрсетпегендерді "тексерсем де тексеремін, тексермесем де тексеремін" деп, қоғам сынына ұшыраған еді. Уақытша тіркеу тақырыбы қызып тұрған тұста, мәжіліс депутаты Жамалов министрден асып түсті.
Естеріңізге сала кетейік, уақытша тіркеу туралы ереже қабылданғаннан кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарында ажиотаж басталып, халық таңертеңнен кешке дейін кезекте тұрды. 16 қаңтар күні Алматының Алатау ауданындағы орталықта кезекте тұрған 52 жастағы азамат жүрегі қысылып, көз жұмған.
Бұл қайғылы жағдайға қатысты журналистерге пікірін айтқан депутат Аманжан Жамалов: "Ол адам ХҚКО-да көз жұмған соң, бұған себеп тіркеу деп ойлайсыздар ма? Өлетін адам өлді, енді қайтеміз? Мұндай денсаулықпен ол үйінде де отырып өле салатын еді" деген сөзімен тарихта қалады.
Депутаттың қарапайым тұрғынның қазасына қатысты бұл пікірі де қоғамның ызасын тудырып, ұзақ талқылауына түсті.
"Хрущевкаларды" сағынған депутат
Көктемде халықты баспанамен қамтуға бағытталған "Нұрлы жер" бағдарламасы талқыланып жатқанда, тағы бір депутат ерекше ұсынысымен есте қалды.
"Ақ жол" фракциясының атынан сайланған мәжіліс депутаты Азат Перуашев ас үйі мен дәретханасы жоқ пәтерлер салсақ, халық тезірек үйге қол жеткізеді деп мәлім етті.
"Баспанаға мұқтаж қала азаматтары ғана емес. Ең осал топ – ауыл жастары. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша дәретханасы мен ас үйі жоқ жатақхана салсақ, пайдалануға берілетін баспана саны 40 пайызға артық болар еді", — деді ол.
Сәл кейінірек, халық тағы шу ете қалғанда, депутат ұсынысының мәні мүлде басқа деп ақталуға тырысты. Яғни, Перуашев "хрущевкалар" емес, ас бөлмесі мен дәретханасы ортақ жатақханалар салу керек деп, даудан құтылғандай болды.
Божко не деді? Халық қалай ұқты?
Парламент мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко да әріптестерінен қалыспай, қалың бұқараны бір шулатты. Мәжілістегі үкімет сағатында ауыл жастарының "қамын ойлаған" Божко қала тұрғындары көбейсе, "жер бетінде жұмыс істейтін ешкім қалмайтынына" сенімді екен.
"Қалаға қадағалаусыз ағылып жатқан ауыл жастарының санын азайту керек. Ауыл жастарын қалаға жетелейтін себептерді азайту керек. Осылай-осылай ауыл интелегенциясы жоғалады. Егер осылай жалғаса берсе, жер бетінде жұмыс істейтін ешкім қалмайды да азық-түлікті шет елден алуға тура келеді", — деп мәлім етті Владимир Божко.
Божконың бұл пікірін халық "ауыл жастарын қалаға кіргізбеу керек" деген астар жатыр деп болжады. Бірақ, депутат "айтпағым ол емес, тек ауылдың жағдайын жақсарту керек дегім келді" деп, халыққа ренішін айтты.
Қарны тоқтан түк шықпайды!
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөзсіз, биыл да біреудің күлкісін, біреудің ызасын тудырған цитатасымен есте қалды.
Былтыр қырғыз қыздарының құлағын шулатқан министр өнер адамдары аз ақшаға өкпелемей, талантын шыңдай берсін дейді.
"Аш адам шығармашылықта табысты болады деп жатады. Мысал ретінде Бетхофен мен Моцарттың аттары айтылады", — деді Мұхамедиұлы бір сөзінде.
Байбек бала туып көрді ме немесе Алматыда арзан тамақ қайдан табылмақ?
Биыл халықты күлгіге қарық қылған әкім болса, ол — Алматы әкімі Бауыржан Байбек. Бауыржан Байбек бірнеше жерде емес, бір конференцияда ғана тарихта қалар цитаталардың авторы атанды.
Қысқасы, Алматы әкімінің пайымдауынша, өмірге бала әкелу оп-оңай және 500 теңгең болса, қаладағы мейрамханалардан тойып тамақ ішуге болады.
"Алматы тартымды қала. Еліміздегі әрбір үшінші студент біздің қалада білім алса, оқуын аяқтаған студенттердің 70 пайызы кетпейді. Бала туу көрсеткіші жоғары. Инфрақұрылымды салып үлгермей жатырмыз. Инфрақұрылым салудан қарағанда, бала туу оңай ғой…", — деген еді Байбек.
Байбекке сенсек, Алматыда өмірге сәби әкелу оңай ғана емес, небары 500 теңгеге анау-мынау асхана емес, мейрамханада тойып тамақ ішуге болады.
"Қазір Алматыда шетелдік азаматтар 500 теңгеге дәмді тамақ іше алады", — дейді ол.
Әкімнің бұл сөзі кәдімгі бизнес-идеяға айналды. Астана мен Алматы қалалары "Байбектен келдік" деген сөз айтып, бір күні бойы бургерді 500 теңгеге сатса, Алматы асханалары "әкімді қолдайық" деген акциямен мәзірлерін жаңартты.