АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik. 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Осыған дейін еліміздің атынан төртжылдықтың басты додасына бірде-бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы ару қатыспаған. Пхенчханда екі бірдей мәнерлеп сырғанаушы аруымыз бақ сынайтын болады, деп хабарлайды 24 Хабар.
Пхенчхандағы ақ Олимпиадаға Қазақстаннан үш мәнерлеп сырғанаушы қатысады. Ерлер арасында Денис Тен болса, қыздар арасында Элизабет Тұрсынбаеваның баратыны белгілі еді. Себебі сәуір айында Финляндия елінің астанасы Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында 9-орын алған Элизабет ел қоржынына екі бірдей жолдаманы салған-ды.
Кеше аяқталған ел чемпионатының қорытындысы бойынша екінші жолдамамен Олимпиадаға Айза Иманбек баратын болды. Пхенчханға баратын жолдамаға Жансая Адыханова да таласқан. Әйтсе де өз жаттығуларын толықтай сәтті орындап шыға алмады. Ал жақында ғана жарақатынан емделіп, жарыстарға қайта оралған Айза шеберлігін танытты.
Дегенмен ел чемпионатының алтын жүлдесін Алана Тоқтарова жеңіп алды. Ол небәрі 14 жаста болғандықтан ақ Олимпиадаға қатыса алмайды. Айза күміс, Жансая қола жүлдені еншіледі.
Айза Иманбек Олимпиадаға дейін Абу-Дабидегі "FBMA Trophy" халықаралық турниріне қатысады. Одан кейін Элизабет Тұрсынбаевамен бірге "Төрт құрлық чемпионатына" аттанатын болады.