АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik. Елімізде Жаңа жыл мерекесі күндері ауа-райы жауын-шашынсыз, аязды болады, деп хабарлады "Қазгидромет".
Синоптиктердің мәліметінше, қар, боран және көктайғаққа себеп болған циклон Сібірге ауысты. Алдағы тәуліктерде суық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның шығысында қар жауып, боран соғуы мүмкін.
"Республиканың аумағы қайтадан антициклонның ықпалында қалып, ол жаңа жылдық мерекелер кезінде Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа-райын анықтайды. Ауа райы жауын-шашынсыз, аязды болады деп болжануда", — деп жазылған хабарламада.
Оңтүстік және орталық облыстарда шығыс желі көтерілуі мүмкін, кей жерлерде 15-20 м/с, екпіні 25 м/с-ке дейін күшейеді және боран соғады.
Ауа температурасы бұрынғыдай климаттық нормадан жоғары болады.
30 желтоқсан күні Солтүстік Қазақстан облысында жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.