АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik. KazMinerals мыс өндіруші компаниясы жалақыны көтеру және жұмыс графигін өзгерту мәселесі бойынша жұмысшылармен келіссөз жүргізіп жатқаны туралы мәлімдеді. Ұжымдық байланыс департаментінің өкілі жұмысшылардың ереуілі туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Жаңа жыл қарсаңында көпшілігін жалақы мәселесі алаңдатқаны рас. Жұмыс ұжымында бұл мәселе конструктивті диалог түрінде талқыланды. Жұмыс жиналыстары "Востокцветмет" ЖШС кәсіпорындарында, Артемьев шахтасында өткен. Жуырда мұнда "Востокцветмет" ЖШС басқарма төрағасы Ильсур Даутов келіп, жұмысшылармен кезекті жиналыс өткізілді, оған түнгі және күндізгі ауысым жұмысшылары қатысты, сондықтан ереуіл немесе жұмысқа шықпау сияқты мәліметтер шындыққа жанаспайды. Кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", — деп хабарлады департамент өкілі Мақсұт Жапабаев.
Ұжымдық байланыстар департаментінің мәліметіне сүйенсек, келіссөздер нәтижесін берді: барлық жұмысшының жалақысы көтеріледі.
"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы KAZMinerals дивизиялық топтарында жалақының тарифтік бөлігінің көлемі арттырылады – макроэкономикалық ахуал, тұтынушы корзинасы құнының артуы мен инфляция, кәсіпорындағы экономикалық ахуал ескерілмек. Бұл өзгерістер қыркүйек айынан бері қарастырылған", — деді Жапабаев.
Сонымен бірге, Артемьев шахтасының жұмыс графигі 1 ақпаннан екі ауысымға ғана бөлінетін болады. Келесі жиналыс Жаңа жыл мерекесінен кейін өтеді.