АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 6 553 пәтер ел игілігіне берілді, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Жыл басында аймақ басшысы Ж.Түймебаев облыста негізгі мәселелердің бірі баспана екенін айтып, қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына басымдық беріп, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жайын қарастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, қаланы дамытудағы кезекті бір жиынында қаладағы үйлердің 70 пайызын жер үйлер құрағандықтан олардың инфрақұрылыммен қамтамасыз ету аса көп шығынды талап етіп отырғанын және жеке тұрғын үй құрылысы көптеп салынуынан орталықтың сәулеттік келбетіне де айтарлықтай кері әсерін тигізгенін ескерткен.
Жалпы өңірде "Нұрлы жер" бағдарламасының барлық бағыты бойынша 620 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріліп, осының нәтижесінде оңтүстікқазақстандық 6 553 отбасы баспаналы болды. Құрылысы біткен үйлердің ішінде 347,2 мың шаршы метрі көпқабатты болса, 272,3 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй.
Аталған тұрғын үй құрылысына 36,9 млрд теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артық. Оның ішінде 18,8 млрд теңге мемлекеттік инвестицияларды құрайды.