АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Қапшағайда учаскелік инспектор жасөспірімді қағып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлады Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
24 желтоқсан күні кешке белгісіз көлік Қонаев көшесінде 15 жастағы жасөспірімді қағып, қашып кеткен. Баланың бас сүйегі зақымданып, бірнеше жері сынған.
ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті ретінде 28 жастағы Қапшағай тұрғыны ұсталған.
"Қапшағай ҚІІБ учаскелік инспекторы полиция мойоры Жүсіп Тұрлин жол апатының куәгерлерін іздеп тауып, оқиға орнынан жасырынған жүргізушінің кім екенін анықтады. Күдікті ұсталды. Ол жасөспірімді өзінің Мitsubishi Galant көлігімен қаққаны белгілі болды ", — деп хабарлады Алматы облысы ІІД өкілі Көбейхан Нұрахмет.
Қажетті сараптамалар тағайындалды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.