Қоғам

Өнегелі өмір: 2017 жылы дүниеден өткен ардақты азаматтар

© Sputnik / Серикжан КовланбаевМұзафар Әлімбаевпен қоштасу
Мұзафар Әлімбаевпен қоштасу - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Биыл қазақ елі ардақты да аяулы біраз біртуар ұлынан айырылды

АСТАНА, 27 желтоқсан — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Санаулы күндерден кейін ит жылы босағадан аттап, 2017 жыл тарих қойнауына енеді. Биыл елімізде бірталай талант өмірден озды. Sputnik Қазақстан тілшісі тауық жылын қорытындылай отырып, өмірден өткен ардақтыларды еске алады. 

Халық жазушысы мен Еңбек ері қайтыс болған жыл  

Жыл соңына таман қазақ әдебиеті орны толмас қазаға ұшырады. Халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Мұзафар ата Әлімбаев 95 жасында көз жұмды. 

Жүзге жуықтады десек те, тілі жұмсақ, жүрегі кең ақынның қазасы әдебиетсүйер қауымның қабырғасын қайыстырды. Мұзафар Әлімбаевтың шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылған. Соның ішінде алты кітабы орыс тіліне, "Мен – түркі мейманы" кітабы түрікмен тіліне, "Жолдар. Ойлар. Жырлар" кітабы қырғыз тіліне аударылған. 

Өмірінде жүз сексен әнге сөз жазып, 64 аударма кітап жазған екен. 

Мұзафар Әлімбаев ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелері ордендерінің иегері болған. 

© Photo : EXPO and Women халықаралық қоғамдық ұйымыКәмшат Дөненбаева
Кәмшат Дөненбаева - Sputnik Қазақстан
Кәмшат Дөненбаева

Ал қашара айында трактор меңгеріп, жер жыртқан, қазақ ауыл шаруашылығының дамуына өте зор үлес қосқан Кәмшат Дөненбаева өмірден озды. 

Қазақ қыздары арасындағы алғашқы тракторшы-механизаторлардың бірі Кәмшат апамыз өзі жалғыз 1973 жылы 26 мың, 1974 жылы 38 мың, 1975 жылы 37 мың гектар жер жыртып, қазіргінің тілімен айтсақ, рекорд орнатқан.

КСРО Жоғарғы кеңесінің  депутаты болған қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Құрмет белгісінің иегері Кәмшат Дөненбаева 11 қараша күні жер қойнына тапсырылды. 

Науқастың өмірі үшін ғұмыры қиылған қос дәрігер  

Күзде Алматы облысында АН-28 ұшағы құлап, бес адамның ажал құшқанын әлі ешкім ұмытқан жоқ. Анықталғандай, ұшақта үш экиппаж мүшесі мен екі дәрігер отырған. Дәрігерлер Шымкент қаласында ауыр халде жатқан жас ананы құтқару үшін жолға шыққаны белгілі болды. 

Алматы түбіндегі ұшақ апаты - Sputnik Қазақстан
Инфографика
Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Қаза тапқан қос дәрігер қазақ медицинасында өзіндік қолтаңбалары бар Талғат Патсаев пен Жәнібек Артықбаев екені анықталды. 

Талғат Патсаев Алматы қаласындағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология орталығында босанудан кейінгі бөлімді басқарған және қазақ медицинасының тарихында алғаш рет донордың бауыры салынған әйелді аман-есен босандырған адам. Дәрігер атақты ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Анапия Патсаевтың ұлы еді. Патсаев қаза табарының алдында Қазақстан бойынша денсаулығы өте нашар отызға жуық жүкті әйелді емдеп жүрген екен. 20 жылдық тәжірибесінде ол мыңдаған әйелді аман-есен босандырып, ауыр сыртқатынан емдеген. Талғат Патсаев небары 46 жасында қаза тапты. 

Ал оның әріптесі Жәнібек Артықбаев Қазақстандағы ең мықты реаниматолог дәрігер еді. Профессор ғұмырының 37 жылын медицинаға арнаған. Қаза боларынан 15 күн бұрын алпыс жасын атап өткен Жәнібек Артықбаев жас дәрігерлерге ұстаз болған. Әріптестері мен шәкірттері дәрігердің қолы расымен де "алтын" еді деп еске алады. 

Қош бол, қазақтың Төлегені…

Өкініштісі, тауық жылы қазақты "Төлегенінен" айырды. Қазақ киносының классикасы "Қыз Жібек" фильмінде Төлеген рөлін сомдаған атақты кино және театр әртісі Құман Тастанбеков 17 желтоқсан күні 72 жасында көз жұмған. 

Режиссер Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильмінде бас рөлдерді сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт  Өтекешова өмірде де қос аққудай махаббат символына айналған. Меруерт Өтекешова ғасыр жартысындай уақыт отасқан жарының қазасынан кейін әлі баспасөзге сұхбат берген жоқ. 

© Sputnik / Серикжан КовланбаевҚазақ елі Құман Тастанбековпен қоштасты
Қазақ елі Құман Тастанбековпен қоштасты - Sputnik Қазақстан
Қазақ елі Құман Тастанбековпен қоштасты

Қазақ жұрты, әсіресе, жастар махаббат символы болған "Қыз Жібек пен Төлегенге", Құман ағаның қазасына байланысты өлең шығарып, әлеуметтік желіде әртісті көп жоқтады. 

Ал, "Қыз Жібек" фильмінде Бекежанның рөлін сомдаған Халық әртісі Асанәлі Әшімов өнердегі жолдасы Құман Тастанбековті еске алып, егіле жылады. 

Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Халық әртісі, "Құрмет", "Парасат" ордендерімен марапатталған. Әртіс 20 желтоқсан күні жерленді. 

Қазіргі қазақ журналистикасы қара жамылды

Алматы әкімінен бастап, мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, өнер адамдары, соның ішінде журналистер Құман Тастанбековті ақтық сапарға шығарып жатқанда, Алматыда қазақ журналистикасындағы шоқ жұлдыздың бірі Рахат Мамырбек мезгілсіз дүниеден өтті. 

Рахат Мамырбек 39 жаста еді. Қысқа ғұмырына қарамастан, ол қазақ журналистикасында қолтаңбасын қалдыра білді. Кезінде Рахат Мамырбек жүргізген "Мезгіл" және "Күлтөбе" бағдарламалары әлі де халық есінде. 

Рахат Мамырбек журналистік жолында "31" арна, "КТК", "Алматы" телеарналарында жұмыс істеген. Соңғы жұмыс орны – "Азаттық" радиосында веб-редактор қызметі. Журналистік артында жары мен бес баласы қалды. 

Журналист Геннадий Бендицкий, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Журналист Геннадий Бендицкий көз жұмды

Биыл қаза тапқан белгілі журналист Рахат Мамырбек қана емес еді. Желтоқсан айында Қазақстанның тағы бір журналисі, журналистік зерттеуде өз қолтаңбасын қалдырған Геннадий Бендицкий көз жұмды. Жақындарының айтуынша, журналист ауыр науқаспен сырқаттанғанын білмей жүрген. Ал білген кезде дерт әбден асқынып кеткені анықталған. Операция күтіп жүрген журналист өзінің туған күні, 3-желтоқсанда 47 жасында көз жұмды. 

Геннадий Бендицкий 20 жыл өмірін журналистикаға арнаған. "Караван", "Время" газеттерінде, "КТК", "31" телеарналарында, ал соңғы уақытта "Ratel" порталында журналистік зерттеулерін жариялап келген. 

Тәуелсіздік күнінде қазақ футболының шырағы сөнді 

16 желтоқсан күні "Қайрат" командасының ардагері, Қазақстан футболының аңыз тұлғасы Тимур Сегізбаева көз жұмды. 

Тимур Сегізбаев "Қайратта" жүріп, 12 футбол маусымында 200-ден астам матч өткізген. 

Тимур Сегізбаев тек Қазақстанға ғана емес, бұрынғы кеңес елдеріне де даңқы тараған футболшы. Мысалы, 1964 жылы Кеңес одағының чемпионатында ол атақты "Спартак"-тың қақпасына екі гол салып, футбол тарихында атын қалдырған спортшы. 

Тимур Сегізбаев КСРО спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы (1973, 1986 жылдары "Қайрат"-тың жаттықтырушысы болған – авт.), ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің құрметті Орден иегері еді. 

© Photo : ақпараттық-спорттық хабҚазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаевпен қоштасу
Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаевпен қоштасу - Sputnik Қазақстан
Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаевпен қоштасу

Спорт журналистикасының сағын сындырған сәуір

2017 жылдың сәуір айында қазақ спорт журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Сәуірдің 5-і күні танымал журналист, Қазақстан Республикасы дене тәрбиесінің еңбек сіңірген қайраткері, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы  сыйлық лауреаты, "Спорт" газетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі Сайын Тұрсынов 81 жасында дүниеден озды. 

Көп жас журналиске үлгі болған Сайын Тұрсынов 1936 жылы қаңтарда дүниеге келген. Қазақстандағы спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосып, спорт баспасөзінің сауатты дамуы үшін еңбек еткен. 


Жаңалықтар
0