Қоғам

Тілеуханұлы: порнографиялық сипаттағы ақпараттық өнімдерге тыйым салынады

© Sputnik / Болат ШайхиновБекболат Тілеухан
Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Мәжіліс депутаттары балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. Жаңа заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалдық эротикалық сипаттағы көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылып отыр. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында депутат Бекболат Тілеухан айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бекболат Тілеухан: текті өнерге ерекше күтім мен қамқорлық керек

Заң жобасын әзірлеуге бір топ депутат бастамашы болған. Бұл заң бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да құралдар арқылы таратылатын залалды ақпараттардан балаларды қорғауға арналған.

"Әлем елдерінің бір-біріне ашықтығы, телекоммуникациялық желілердің барынша дамуы, ақпарат алмасудағы мүмкіндіктердің молаюы, жалпы замана дәуір дидарының өзгеруі рухани кеңістіктің тазалығы туралы ойландыратын жайға жеткізді. Заң жобасында осы саладағы әлемдік тәжірибе Қазақстандағы ақпараттық ахуалға сәйкестендірілген және елдегі заң айналымында жоқ кейбір құқықтық ұғымдар енгізіліп отыр", — деп баяндады заң жобасы авторларының бірі Бекболат Тілеухан. 

Айтуынша, ең алдымен белгілі бір жас топтарындағы балалар арасында қандай ақпараттық өнімді таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалды. 

"Ол үшін балаларға арналған ақпараттық өнімнің "жас сыныптамасы" және "жас санаты" деген ұғым енгізіліп отыр. Жоба бойынша бұндай ақпараттық өнімнің келесідей жас санаттары белгіленген: 6 жасқа дейін, 6 жастан асқан, 12, 14, 16 жастағы балалардың жетілуі және дүниетану мүмкіндігіне сәйкес жіктелген. Жалпы алғанда, заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалдық эротикалық сипаттағы көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылып отыр", — деді депутат. 

Бұдан бөлек, отбасы институтын жоққа шығаратын және ұлттық салт-дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттар да балаларға зиянды деп табылған. Телеарналар осы талапқа сәйкес келетін ақпараттық өнімді және оған сәйкестендірілген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуы тиіс. Керісінше жағдайда оларға заңмен шара қолданылады.

мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Бекболат Тілеухан: қазір көп жер өз мақсатына сай пайдаланылмай жатыр

Сонымен қатар мемлекеттік басқару және құқық қорғау органдарының қызметін жеңілдету үшін алғаш рет балаларға арналған ақпараттық өнімге анықтама беріліп отыр. Мұндай ақпараттық өнім бағыты, тақырыбы, мазмұны, безендірілуі бойынша балаға тікелей арналған өнім болады. 

"Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттің саясаттың принциптері айқындалды. Екіншіден, зиянды ақпараттық өнімдердің айналымын тоқтатудың құқықтық жолдары көрсетіліп отыр. Сонымен қатар телерадио және кино өнімдерін эфирге таратудың балаларға қолайлы уақыты белгіленген. Компьютерлік, электрондық ойындарға балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мақсатымен сараптама жасаудың құқықтық мүмкіндігі молынан туғызылды", — деді Тілеуханұлы. 

Заң жобасында мемлекеттік атқару органдарының балаларды зиянды ақпараттық өнімдерден қорғаудағы өкілеттіктері бірінші рет сараланып отыр. 

Тағы бір маңызды жайт — мектепке дейінгі балалар ұйымында балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін пайдаланылатын ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланатын болады. Дәл осындай бақылау білім жүйесінде жүзеге асырылмақ. 

"Сүбелі өзгерістердің бірі  — ақпараттық өнімге сараптама жасалады, атап айтқанда ақпараттық өнімге сараптама жүргізу құқығына ие болатын сарапшылар мен сараптама ұйымдарын аккредиттеуді өкілетті органның жанынан құрылатын комиссия жүзеге асыратын болады", — деп атап өтті депутат.

Жаңалықтар
0