АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Жер қатынастарын реттеу жөніндегі жаңа заң осы салада қордаланып қалған көп мәселені шешеді, деп есептейді мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Бұған қоса, депутат ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктердің ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарына берілетінін атап өтті.
"Қазір енді жер қорының жаппай құнарсызданып, ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалып жатқан жағдайлар да жерді ұтымды пайдалануға назар аударуды талап етеді. Заң жобасында біраз жаңашылдықтар бар. Бақылаудың қолданыстағы тетіктерімен бірге жерлерді ұтымды пайдалану және қорғау, сондай-ақ жер заңнамасын сақтау жөніндегі іс шаралардың орындалуын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр", — деді ол.
Айта кетсек, бүгін мәжіліс депутаттары жер дауынан кейін әзірленген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң жобасы президенттің тапсырмасымен құрылған жер комиссиясы жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген. Құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, шекара аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту секілді маңызды мәселелерді қамтиды.
Заң жобасы жөнінде толығырақ мына жерден оқи аласыздар.