АСТАНА, 26 желтоқсан — Sputnik. Бүгін Астанада Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өңірлік әрі шекара бойындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері жөнінде кездесу өткізді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Кездесу барысында кеше Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков арасында жасалған келісімдерді жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы аясында іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне және оны одан әрі арттыру әлеуетіне айрықша назар аударылды. Кездесу барысында, сондай-ақ, Қазақстан-Қырғызстан өңіраралық форумын өткізу, Қазақстан мен Қырғызстанның іскерлік кеңесін құру арқылы өңірлік және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту маңыздылығы аталып өтті.
Қазіргі таңда екіжақты экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасының 10 оперативті шарасы жүзеге асырылып, жыл соңына дейін 13 іс-шараны орындау қарастырылған. Картаның қалған тармақтары бойынша ұзақ мерзімді сипаттағы жұмыстар жалғастырылып жатыр.