АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Ақордада өткен екіжақты кездесу барысында Қырғызстан президенті Астанаға ресми сапармен шақырған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіріп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға күш салатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанға арнайы ресми сапармен шақырғаныңызға үлкен алғыс білдіремін. Мейман достықпен жылы қарсы алып жатырсыздар", — деді Жээнбеков.
Ол биыл елдеріміздің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл, достық туралы келісімге қол қойылғанына 20 жыл болғанын еске салып өтті.
"Менің сапарым осы екі мерейтойлық датамен тұспа-тұс келіпті. Сіз тура айттыңыз, әлемде қазақ пен қырғыздан асқан туған халықтар жоқ болса керек. Жайлауымыз да бір, ішкен суымыз да бір, жүрген жолымыз да бір, базарымыз бен мазарымыз да бір туған елміз", — деген Қырғызстан басшысы екі елдің стратегиялық және достық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін салатынын айтты.