АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиін енгізу бойынша сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айта келе, кезінде ана тілін ұмытып қалған кезін еске алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Неге, қалай деген сұрақтарды қойып, барлығымыз латынды енгізуге кірісуіміз керек. Келістік қой, консенсус бар, халықтың көпшілігі тоқсан бес пайызынан көбі қолдап отыр", — деді Елбасы жыл қорытындысы бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен кездесуде.
Мемлекет басшысының айтуынша, халықты біртіндеп латын әліпбиіне үйрете беру керек.
"Қазақ тілді басылымдар бір-бір бағанадан жаза беріңіздер, ел оқи берсін. Мен өзім кабинетте отырып, Абайдың сөздерін жазамын. Я дегенде оңай емес, бірақ онша қиын да емес. Ептеп үйрете беру керек. Көшенің, даланың атауларын біртіндеп латын әліпбиіне көшіреміз. Ел оқып, тілі жаттығады", — деді президент.
Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев кезінде өзінің қазақ тілін ұмытып қалған кезін еске алды.
"Өздеріңіз білесіздер, он жеті жасымда қазақ мектебін бітіріп, Украинаға, кейін Теміртаудағы металлургия комбинатына бардым. Осылайша жиырма жыл толыққанды орыс тілді ортада болып, тілді ұмытып қалдым. Содан Қарағандыдан Алматыға орталық комитеттің хатшысы болып келдім. Маған қазақ тілінде сөйлеу керек. Ол кезде "Социалистік Қазақстан" деген газет болды ғой, соны оқи бер деді. Қиын болды, бірақ оқып-оқып, тілім өз орнына келді", — деді мемлекет басшысы.