АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. Астанада "Сөз қазынасы" анимациялық фильмінің балаларға арналған алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР МСМ Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен түсірілген фильмнің басты мақсаты – қазақтың бай тіл мұрасы мен салт-дәстүрлерін балаларға насихаттау. Әдетте ересектер жауабын таба алмай жататын ырым-тыйымдардың мән-маңызын ашып көрсету.
Фильм персонаждарын дайындау кезінде жаңа тұжырымдама жасалып, кейіпкерлердің барынша тартымды болуы жағы ойластырылды. Бұл анимациялық фильмнің әдеттегі өнімдерден айырмашылығы – сценарийі құрылымы ұлттық фольклор ерекшеліктерін балаларға оңай түсіндіру үшін оқиғалар қиял-ертегі элементтеріне сүйенген. Сәйкесінше, анимациялық фильмде негізгі 13 кейіпкер бар. Қосалқы кейіпкерлер саны 30-ға жуық. Фильмді дыбыстауға елімізге танымал актерлері тартылды. Өнім 2D, 3D форматта дайындалды. Барлығы 15 сериядан тұрады.
"Балалардың тілін, ой-өрісін дамытуға бағытталған контентті көбейту мақсатында 2013 жылдан бастап анимациялық фильмдер шығарып келе жатырмыз. Мысалы, 2013 жылы 50 сериалы анимациялық фильм шыққан болса, 2014-2016 жылдары да тура солай. "Дина мен Даник", "Күнікей және оның достары", "Жандос және оның достары" көп сериалы анимациялық фильмдер шығарылды. Биылғы жобамыз "Сөз қазынасы" деп аталатын мультфильм. Бұл қазақтың көптен көнерген салт-дәстүрлерін жаңғырту, балаларға насихаттау, түсіндіруді көздейтін жоба. Көнерген сөздердің мән-мағынасын ашып жеңіл, балаларға ұғынықты түрде түсіндіру мақсатында шығарылып жатыр", — дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас маманы, жоба жетекшісі Олжас Шынжігітов.
Айта кетейік, "Сөз қазынасы" анимациялық фильмі 2018 жылы отандық телеарналар эфирінен көрсетіледі.