Мәдениет

"Қазақ Елі" анимациялық фильмі Барселонада көрсетіледі

© Фото пресс-службы АО "Казахфильм""Қазақ елі" анимациялық фильмі
Қазақ елі анимациялық фильмі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Қазақ елі" атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі қарашаның 4-і мен 13-і аралығында Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды.

АСТАНА, 4 қар — Sputnik. "Қазақ елі" анимациялық фильмі болашақ хандар – Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды. Мультфильмде – шетсіз-шексіз қазақ даласы, заңғар таулар және Ұлы Жібек жолындағы Сығанақ, Отырар, Тараз және Түркістан секілді ежелгі қалалар бейнеленген.

"Фильм халықаралық аренада — сонау Испанияда көрсетілетініне қуаныштымын. Бұл мультфильмді біз ең біріншіден балаларға арнап жасадық. Картинада бостандық пен тәуелсіздік үшін күрес жолында қазақ елінің басын қалай біріктіргендігі жайлы әңгімеленеді.Сондықтан испандық көрермендер де еліміздің бай тарихымен танысатын болады", — деді фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков.

Аталмыш фестивальде 20 Азия елдерінің 80-ге жуық фильмдері көрсетіледі. Отандық туындыдан басқа фестивальге Қытай, Корей, Иран, Филиппин, Сингапур, Ауғаныстан, Жаңа Зеландия, Таиланд, Малайзия және Вьетнам елдерінің фильмдері қатысады. Айта кететін жайт, фестиваль шеңберінде Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат" және Досхан Жолжақсыновтың "Құнанбай" тарихи туындылары, сонымен қатар Асқар Ұзабаевтың "Жол" драмасы мен Мұрат Маханның дебюттік "Сот орындаушысы" фильмі көрсетіледі.

Жасалуында 2-D және 3D-технологиялар пайдаланылған "Қазақ елі" анимациялық фильмі үстіміздегі жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын.


Жаңалықтар
0