АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. "Астана" ӘКК" ҰК жаңа басқарма төрағасы болып Нұрлан Жақыпов тағайындалды, деп хабарлады елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Компанияны бұған дейін басқарған Айдарбек Ходжаназаров өз еркімен қызметінен босатылды.
"Ол қысқа мерзім ішінде компанияның дамуына қомақты үлес қосып, ӘКК үздік аймақтық даму институтына айналдырды. Оған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Астана" ӘКК берген "Елдің үздік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" мәртебесі дәлел", — деді қалалық әкімдікте өткен аппарат отырысында Астана әкімі Әсет Исекешев.
Атап айтқанда, активтерді басқару бөлігінде ӘКК кірістік нормасы 3,5 есеге өсті. Инвесторлармен жұмыс істеу және инвестициялық әлеуетті жақсарту мәселесінде 2016 жылмен салыстырғанда жүзеге асырылған және қарастырылған жобалар саны 4 есе көбейді, тартылған инвестиция сомасы 100 млрд теңгеден асты.
Ал компанияның жаңа басқарма төрағасы болып Нұрлан Жақыпов тағайындалды. Бұған дейін «Астана» ӘКК»ҰҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры лауазымында болған.
"Қаржылық және басқару саласында 16 жылдан астам жұмыс өтілі бар. "Қазатомөнеркәсіп", "Тау-Кен Самұрық" сынды ұлттық компаниялар мен "RBS (Kazakhstan) еншілес банкі сынды бірқатар мемлекеттік және халықаралық компанияда басқарушы лауазымдарды атқарды. Жұмысты қажетті деңгейде жалғастыру керек. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!", — деді Астана әкімі Ә.Исекешев компанияның жаңа төрағасын таныстырып.