АСТАНА, 25 желтоқсан — Sputnik. 2020 жылға қарай ақылы жолдан жыл сайын бюджетке 30 млрд теңге түсетін болады. Бұл туралы ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Пішембаевтың айтуынша, биыл Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде ақылы жол жүйесін құру жұмысы басталды. Бұл жолдардан жыл сайын 4 миллиард теңге ақша жинау жоспарланып отыр.
"2020 жылға қарай ақылы жолдан түсетін жыл сайынғы түсім 30 миллиард теңгені құрайды. Жалпы алғанда, жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының 90 пайызын жақсарту, І және ІІ техникалық санаттағы автомобиль жолдарының үлесін 50 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл жүк тасымалын 2 есеге арттыруға және жолға кететін уақытты 1,5 есеге азайтуға мүмкіндік береді", — деді Пішембаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл Қарағандыны айналып өтетін жолды қосқанда Орталық-Оңтүстік жобасының Теміртау-Қарағанды учаскесінде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Орталық-Шығыс жобасы бойынша Астана-Павлодар-Семей-Қалбатау, Бейнеу-Ақтау, Ақтөбе-Атырау, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Қаменка учаскелерінде (жалпы ұзындығы 1,2 мың шақырым) құрылыс жүріп жатыр.
"2018-2019 жылдары республикалық маңызы бар 6,2 мың шақырым автожолдарды орташа жөндеуден өткізу, 4,4 мың шақырымды реконструкциялау және 800 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр", — деді Пішембаев.
Өтпелі жобалармен қатар, бюджет қаражаты есебінен Бейнеу-Ақжігіт, Щучье-Зеренді, Таскескен-Бахты, Үшарал-Достық, Осиновский асуы, Қостанай-Денисовка – барлығы 6 жобаны іске асыру қолға алынды.