АСТАНА, 22 желтоқсан — Sputnik. Ақтөбелік әйел түрмеге қайта отыру үшін жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарлаған, деп жазды "Диапазон".
9 қараша күні Ирина Журавлева полицияға қоңырау шалып, теміржол вокзалына бомба қойылғанын айтқан. Мамандар жарылғыш затты таппады, ал Журавлева кейінірек колонияға қайта барғысы келетінін мойындады.
"Полицейлер менің саяжайдағы үйімді таба алмады, оларға өзім шықтым. Жазамның өтелмей қалған бөлігін беретін болар деп ойлап едім. Сөйтсем жаңа мерзімге соттайды екен ", — деді Журавлева.
Сот Ирина Журавлеваның бұрынғы қылмысы үшін жазаның өтелмеген бөлігін ескере отырып, төрт жылға бас бостандығынан айырды.
2013 жылы Ирина Журавлева төрт жасар қызын 700 мың теңгеге сатқаны үшін сотталған. Осы жылдың жазында әйел шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Журавлеваның айтуынша, ол бостандыққа шыққаннан кейін баспана тауқыметін тартып, жұмыс таба алмаған.