АСТАНА, 22 желтоқсан — Sputnik. Қостанай облысында жол апатынан екі адам мерт болды, деп хабарлайды alau.kz.
Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты бүгін "Қостанай-Мамлютка" тас жолының 77 шақырымында болған.
"Кia Carens" көлігін тізгіндеген 59 жастағы жүргізуші Қостанай қаласынан келе жатқан. Кенеттен ер адам рөлге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетті.
"Осы сәтте жеңіл көлік қарсы беттегі КамАЗ-бен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі мен 49 жастағы жолаушы оқиға орнында жан тапсырды", — деп мәлімдеді ІІД-ден.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, сот сараптамалары белгіленді.