АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Дәрігерлер тепловоз бен "ГАЗель" автокөлігінің соқтығысуынан зардап шеккен қыздың екі аяғын кесіп алып тастады, деп жазды "Лада".
Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Кәмшат Тұрсынбекованың айтуынша, науқастың жағдайы өте ауыр.
"Алты жасар ұл мен он жасар қыз облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылды. Зақымданудан есеңгіреп қалған. Қыздың екі аяғы кесілді, бас сүйегі жарақаттанған, көптеген жері жараланған. Ұлдың бас сүйегі, іш қуысы жарақаттанған, көптеген жері жырылып, жараланған", — деді Кәмшат Тұрсынбекова.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзенде тепловоздың бағдардағы "ГАЗельмен" соқтығысуы салдарынан зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңгені үлестіруді тапсырды.
"Қаза болғандардың отбасы миллион теңгеден алады. Жан сақтау бөлімінде ауыр хәлде жатқан тоғыз адамға 500 мың теңгеден беріледі. Тағы 18 зардап шегушіге 300 мың теңгеден бөлінеді", — деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметкерлері жол апатынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін бір күндік жалақыларын аударды.