АСТАНА, 27 қараша — Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Жаңаөзенде тепловоздың бағдардағы "ГАЗельмен" соқтығысуы салдарынан зардап шеккендердің отбасыларына 20 миллион теңгені үлестіруді тапсырды.
"Қаза болғандардың отбасы миллион теңгеден алады. Жан сақтау бөлімінде ауыр хәлде жатқан тоғыз адамға 500 мың теңгеден беріледі. Тағы 18 зардап шегушіге 300 мың теңгеден бөлінеді", — деп түсіндірді әкімдіктегілер.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысының мемлекеттік қызметкерлері жол апатынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін бір күндік жалақыларын аударды.
25 қараша күні Жаңаөзен қаласы маңындағы Теңге ауылына жақын жердегі теміржол өткелінде тепловоз бағдардағы "ГАЗельмен" соқтығысты. Жол апатынан 36 адам зардап шекті, тоғызы қаза болды, 27 адам ауруханаға жатқызылды.