АСТАНА, 22 желтоқсан — Sputnik. РФ Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер ретінде Владимир Жириновскийді ұсынған Ресей либералды-демократиялық партиясының өкілетті өкілдерін тіркеді. Ал кандидаттың өзіне арнайы сайлау есепшотын ашуға рұқсат берді, деп хабарлайды РИА Новости.
Таяуда Жириновский алғаш болып президент лауазымына үміткер ретінде ОСК-ға құжаттарын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы құжаттарды қарап, келесі күні өкілетті өкілдерді тіркеу туралы шешім қабылдады: төртеуі – кандидат ұсынған партиядан, үшеуі – қаржы мәселелері бойынша.
Бұған дейін ОСК мүшесі Евгений Шевченко Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың құжаттарын бес күн ішінде қарауы тиіс екенін мәлімдеген болатын. Егер құжаттар дұрыс болса, ОСК өкілетті өкілдерді тіркеу туралы шешім қабылдап, арнайы сайлау шотын ашуға рұқсат береді. Осыдан кейін кандидат сайлау қорын құруға кіріседі.
РЛДП қол жинаудан босатылған партиялар тізіміне кіретіндіктен, кандидаттан қол қою парағы талап етілмейді. Жириновский шетелдік активтерінің жоқ екені туралы хабарландыру қағазы мен арнайы сайлау есепшотын ашуды растайтын құжатты ұсынуы тиіс болатын. Осыдан кейін ОСК он күн ішінде тікелей президенттікке үміткерді тіркейді. Тіркеуге құжат тапсыру 27 желтоқсанда басталады.
Айта кетсек, Ресей президентінің сайлауы 18 наурызда өтеді. Владимир Жириновский президент тағына осымен алтыншы рет таласпақшы.