АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Лауазым иелерінің қызметі туралы пікір айтып, сынауға кез келген азаматтың, журналистің құқығы бар. Бұл жөнінде ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің назарын мынадай ұсыныстарға аударғым келеді. Біріншіден, еліміздегі ақпарат құралдарының меншік нысанына қарамастан ең басты дереккөзі — ресми ақпарат. Онсыз жаңалықтардың да, талдау мақалаларының да маңызы жоқ. Сондықтан да ресми ақпараттарды БАҚ қызметкерлеріне жедел, тез арада ұсынуға барлық мемлекеттік органның өздері мүдделі болуы тиіс. Себебі қоғамда түрлі алыпқашпа әңгіме, түрлі дүрбелең етек жайып кетпеуі үшін журналист ресми дереккөздерге негіздеп қана шынайы ақпарат тарата алады. Жұрт оқиғаның жай-жапсарын ресми дерек арқылы ғана біліп, шындыққа көз жеткізе алуы тиіс", — деді депутат заң жобасын талқылау барысында.
Айтуынша, көптеген мемлекеттік органның интернет-сайттары дер кезінде жаңа мәліметтермен уақытылы жаңартылып отырмайды.
"Бұл өз кезегінде тек журналистер тарапынан ғана емес, мемлекеттік органдарға, аудан, қалаға қатысты қажетті жаңа ақпараттарды дер кезінде алмағандықтан тұрғындар тарапынан да наразылық тудырады. Осы мәселе реттелуі керек", — деді ол.
Бұдан бөлек, ол БАҚ өкілдері арасында отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық құпияларға қатысты үлкен пікірталас тудырған заң жобасындағы бапқа да тоқталды.
"Екіншіден, талқыланып отырған заңның жиырма бірінші бабының бірінші, екінші және үшінші тармақшасына қатысты журналистер тарапынан әр түрлі пікірлер айтылуда. Әрине, әрбір азаматтың жеке отбасылық, дәрігерлік, коммерциялық, тағы басқа заңмен қорғалатын құпияларын тарату үшін келісім алған дұрыс. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуде ең бір тиімді құрал екенін ескере отырып, әлде де болса азаматтар мен БАҚ мүдделерінің теңдігін сақтаудың тетігін қалыптастыру керек деп санаймын. Өйткені лауазым иелерінің қызметі туралы пікір айтуға, сынауға кез келген азаматтың, журналистің құқығы бар. Сөз бостандығы, өмір салты, бірақ ол мемлекет мүддесіне қызмет ету керек. Бұл демократияның алтын заңы", — деп түйді сөзін сенатор.