АСТАНА, 21 желтоқсан — Sputnik. Өрт кезінде қатты күйіп қалған он сегіз жастағы бойжеткен тірі, бірақ әл үстінде жатыр, деп хабарлайды өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы түбіндегі Өтеген батыр ауылындағы жатақханалардың бірінде өрт болды. Кейінірек анықталғандай, 44 жастағы ер адам үстіне бензин құйып, өзін өртеп жіберген екен. Өрт салдарынан ер адам мен оның 13 жастағы ұлы қаза тапты, ал 1999 жылы туған қызы қатты күйік алып, аудандық ауруханаға жатқызылған.
"Қаза тапқан ер адамның қызы да көз жұмғаны туралы БАҚ-та жарияланған мәлімет қате. Өрт кезінде бір отбасы мүшелері ажал құшты, бірақ зардап шеккен қыз тірі. Ол аудандық ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр", — деп ақпарат берді ІІД баспасөз қызметі.