АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова шахтерлердің жалақысы жайлы тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз сіздерге үнемі өкілетті орган немесе кәсіпорын ұсынған ресми ақпаратты таратамыз. Сондықтан менің жасаған мәлімдемем ресми ақпарат болатын, Қарағанды облысының бас еңбек инспекторынан алынған. Әр бас еңбек инспекциясы мұндай ақпарат таратпас бұрын әр кәсіпорынмен тікелей жұмыс істейді", — деді министр.
Дүйсенова кеншілердің жалақысына қатысты тараған екіұшты ақпарат бойынша қызметтік тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Естеріңізге салып өтсек, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ шахтерлері зейнет жасын төмендету және жалақыны өсіру талабымен жер астынан шықпай қойды. Ереуіл төрт-бес күнге созылды.
"Қазіргі уақытта "АрселорМиттал" шахталарында істеп жатқан азаматтар алатын еңбекақының ең төменгі мөлшері — 208 мың теңге, ал жоғары мөлшері — 326 мың теңге ", — деген еді министр.
Кейінірек БАҚ бетінде ереуілдеткен шахтерлердің нақты жалақысы көрсетілген суреттер тарады. Кеншілер ешкім де 300 мың теңге айлық алмайтынын айтып шулады.