АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев азаматтардың жеке мәліметтерін жария еткені үшін "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясы қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ең маңызды мәселе – азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау. Мемлекеттік корпорацияда осыдан бір ай бұрын болған жағдай бойынша, бұл ретте Дәурен Әскербекұлы (ақпарат және коммуникациялар министрі – ред.ескерт.) лауазымды тұлғалар мен корпорация қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту керек", — деді премьер үкімет отырысында.
Естеріңізге салып өтсек, Алматы тұрғыны электронды үкімет сайтындағы жеке кабинетінде жылжымайтын мүліктің бар екені туралы анықтама мен мекенжай анықтамасы заңсыз берілгенін айтқан еді. Бұл туралы ол фейсбуктегі парақшасында жазды. Кейінірек "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы клиенттің жеке мәліметтерінің үшінші тұлғаға заңсыз берілгенін мойындады.