АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik. Мәжіліс депутаты Альберт Рау парламентте Арқалық қаласының болашағы туралы мәселені көтерді.
Рау премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдай отырып, моноқалаларды дамыту бағдарламасы жергілікті проблемаларды ғана шешіп, бұл қалалардағы экономикалық өсімді жақсартуға жағдай жасамай отырғанын атап өтті.
"Қостанай облысының Арқалық қаласы өте қиын жағдайда тұр. Екі жылға ғана жететін боксит қоры қалды. 2022 жылға қарай өнеркәсіптік өндірістің 68%-ын иеленіп отырған қала түзуші кәсіпорын іс жүзінде жұмысын тоқтатады", — деді Рау.
Депутат үкіметке шұғыл түрде мемлекеттік даму институттарымен, сондай-ақ Eurasian Natural Resources (ERG) компаниялар тобының қатысуымен шаралар кешенін әзірлеуді ұсынды.
Бокситтерді өндіру және бастапқы өңдеу Арқалық өнеркәсібінің басты салаларының бірі саналады.